Қостанай облысында орман өрті басталғаннан бері маңайдағы елді мекендерден екі мыңнан астам адам көшірілді. Бүгінде олардың көбі үйлеріне оралып үлгерді. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин хабарлады. Соңғы мәліметтер бойынша, өрттің негізгі ошақтары сөндірілді. Енді тек бір ғана жер қалып отыр. Ол Бағаналы ауылының тұсында орналасқан. Онда бір күн бұрын елді мекенге қарай өрт шығу қаупі төнген. Өрт сөндірушілер кеше күні бойы ауылды аман алып қалу үшін барын салған. Одан бөлек, орманды айнала жер жырту жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, түнде өңірде қатты жауын жауған.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
– Енді бәрі тек күн райының күрт құбылуына байланысты болмақ. Секундына 28 метрге дейін жел соғады деп болжанып отыр. Ал, бұл, бықсып жатқан жерлердің қайта тұтануына сеп болуы мүмкін. Барлық жерде күндіз түні кезекшілік атқарылып жатыр.
Дегенмен экологтар дабыл қағуда. Олардың айтуынша, Қостанай облысындағы өртенген орманды қалпына келтіруге шамамен 15 жыл керек болса, қылқанды орманды қайта жайқалту үшін кемінде жетпіс жыл қажет.