Ботай мәдениетіне жататын 100-ге жуық құнды жәдігер. Ақмолалық археологтардың биылғы жаз маусымындағы олжасы осындай.
Кремний тасынан қашалған найзаның ұшы қолдан жасалған. «Қарудың бұл бөлшегі тас дәуірінің соңына тиесілі», – дейді мамандар. Биыл археологтар мұндай жәдігердің бірнешеуін тапты.
Жасұлан Үкеев, археолог:
- Красный Яр қонысынан ерекше жәдігерлер яғни сүйек біздер, инелер табылды. Мұндай олжалар әсіресе біздің өңірде сирек кездеседі, қазіргі инелер сияқты өте жіңішке. Ол инемен балық шаруашылығының торларын немесе киімдерді тіккен болса керек. Сондай-ақ табылған жәдігерлердің ішінде ерекше неміз сүйек біздер, екі жақты инелер бар. Бұл да тоқымашылыққа өте ыңғайлы.
Биыл ғалымдар Жақсы ауданының Баубек батыр ауылы түбіндегі сақ қорғаны мен Атбасар ауданындағы Магдалиновка ауылының маңайын да зерттеді.
Жасұлан Үкеев, археолог:
- Сақ дәуірі қорымының үстінен қылыш табылғаннан кейін барлау жұмыстарын толығырақ жүргізіп, одан әрі зерттеу керек болды. Бетінде қылыш жатса, астында мүмкін Алтын адам немесе соған ұқсас бір жәдігерлер табыла ма деген ой болды.
Сондай-ақ осы жазда Жарқайың ауданынан 4 мың жыл бұрынғы жауынгерлік балта табылды. Ол бірнеше металдың қосындысынан жасалған. Енді ақмолалық археологтар артефактілерді зертханалық жағдайда мұқият зерттеп, өзге жәдігерлермен салыстырып көрмек. Бұл тас дәуіріндегі адамдардың өмірі мен тұрмысы жайлы тың мағлұмат жинауға мүмкіндік береді.