ҰҚШҰ бітімгерлерінің өз елдеріне оралу операциясы жалғасуда. Беларусь, Армения, Тәжікстан мен Қырғызстан әскерилері Алматыдан аттанды. Сырттан келген әскери контингент өз міндетін тиісті деңгейде атқарды деп бағаланды. Олар уақытша күзеткен стратегиялық нысандар отандық әскерилерге тапсырылды. Қырғыз еліне бітімгерлер көлікпен, ал басқа мемлекеттердің жауынгерлері ИЛ-76 әскери тасымал ұшағымен жеткізіледі. 2 мыңнан аса бітімгер бір аптаның көлемінде Қазақстан аумағынан толық шығарылады.
Мировар Хушбахт, Тәжікстан Қарулы күштері бас штабы басшысының бірінші орынбасары:
- Бізге жүктелген міндетті абыроймен атқардық. Операция барысында көрген-түйгенімізді ұжымдық күштердің оқу жаттығуларында қайталаймыз деп ойлаймын. Тек Тәжікстан ғана емес, барлық елдің әскерилері жүктелген жауапкершілікті ойдағыдай атқарды. Мұны Қазақстан Президенті де атап айтты.