Қазақстанда Tech Orda Бағдарламасы бойынша тегін оқуға өтінім қабылдау басталды

Қазақстанның 18-45 жас аралығындағы кез-келген азаматы ІТ-мамандықты тегін меңгере алады. Қазір Tech Orda бағдарламасы аясында мемлекет есебінен  оқуға өтінімдер қабылдануда. Ол   бағдарламалық қамтамасыз ету, мобильді қосымшалар жасау мен Big Data және Blockchain салалары секілді басым секторлардың барлық бағытын қамтиды. Биыл елдің 83 жетекші жеке ІТ-мектебі білім алушыларға 219 курс ұсынып отыр. Қазақ  және орыс тілдерінде өтетін оқу бағдарламасының ұзақтығы 6 айдан 2 жылға дейін созылады. 2021 жылы Tech Orda бағдарламасының пилоттық жобасы Қазақстан бойынша 100 студентті қамтыды. Былтыр оның ауқымы кеңейіп, 3  мыңнан астам адам тегін оқуға ваучер алды. Биыл да ІТ мамандықтарды игерушілер қатары осы шамада болмақ.


Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елімізде IT-саланы дамыту қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда осы бағыттағы жергілікті мамандар заман ағымынан қалар емес. Бүгінде, Қазақстан электронды Үкімет пен финтехті дамыту индексі бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында. Отандық IT-дің экспорт көлемі былтыр ғана бес есе өскен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 млн долларға жетуі әбден мүмкін. Бұл шек емес, - дейді, сарапшылар. 2026 жылға қарай сала қызметтерінің сыртқа тараған құнын   бір млрд долларға жеткізу межеленген. Мемлекет басшышы бұған ірі шетелдік IT-компаниялармен бірлескен кәсіпорындар ашу өз септігін тигізетінін айтады.