Қазақстан жыл соңына дейін 5% жоғары деңгейде экономикалық өсімге қол жеткізуі тиіс. Қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ нақты өсуі 3% құрады. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша құрылыс пен көлік салаларында ең жоғары даму қарқыны байқалған. Сонымен қатар шикізаттық емес сектор экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналды. Жалпы 3 айда өңдеу өнеркәсібі 8,5% өсім көрсетті. Премьер-министр Олжас Бектенов жаһандық геосаяси ахуалға байланысты ішкі резервтерді толық пайдалану қажеттігін атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Ірі өнеркәсіп және инфрақұрылым жобаларын жүзеге
асырып, барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу керек. Экономика құрылымында
өңдеу өнеркәсібінің үлесі екінші жыл
қатарынан кен өндіру саласынан алда
келеді. Соған қарамастан нақты секторды ынталандыру үшін қосымша шаралар қажет. Өнеркәсіп
министрлігіне бір ай ішінде металлургия
мен химия өнеркәсібін қолдау, өнім номенклатурасын кеңейту және өндірістік қуаттардың әлеуетін
ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырамын.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдар, киім және былғары
өндірісі артып, саладағы өсім 51,1% құрады. Құрылыс материалдары өндірісі
битум, құрылыс ерітінділері, әк, отқа төзімді бұйымдар, цемент және бетон
конструкциялары көлемінің өсімі есебінен 37,1% артты. Химия өндірісінде азот
тыңайтқышы мен сары фосфор өндірісінің артуына байланысты 2,4% өсім байқалуда.

