Оралда қолөнер шеберлері орталығы ашылды. Енді ниет танытқан әр адам ұлттық кәсіп түрлерімен танысып, меңгере алады. Мысалы, теріге өрнек салудың қыр-сырын жастар Айдынбек Иманғалиевтен үйренеді. «Былғарыны өңдеп, одан түрлі бұйым жасау үшін темірдей төзім мен шыдам керек», – дейді шебер. Ал Айнагүл Халыққызы осы табиғи материалдан киіз бен әсем бұйымдар жасау бойынша шеберлік сабақтарын жүргізеді. Шебердің айтуынша, киіз төсеніш – сан ғасырлық тәжірибе мен көркем қиял тоғысқан өнер туындысы.
Айнагүл Халыққызы, қолөнер шебері:
- Бізде қойдың жүні жетерлік. Соны қолға ала отырып әрі қарай көптеген өнім жасап, ауқымды өндірісті іске қосу, ең басты қолданысқа енгізу қажет.
Ботагөз Қанатова, қолөнер шебері:
- Шеберлік сабақтарында киіз басу, ши, түрлі гобелен тоқудан сабақ өткіземіз. Ою-өрнектің өзі бөлек бір әңгіме болады. Сұраныс ақырындап туындауда. Осы орталық ашылып, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Алдағы уақытта бұл өнерге сұраныс, қызығушылық, насихаттау да артады деп үміттенеміз.
Қолөнер орталығында қазірдің өзінде 20 шебер жұмыс істейді. Олар өз білгенін өзгелерге үйретуге дайын. Бастысы ықылас пен ниет болса болғаны. «Мақсатымыз – мәдени мұрамызды насихаттап, ұлттық бояуға бай рухани дүниелерді дәріптеу», – дейді шеберлер.