Биыл Қазақстанда креативті индустрияны дамыту қоры құрылады. Сонымен қатар бірқатар өңірде креативті хаб құрылады. Бұл туралы Үкімет отырысында мәлім болды. Қор инвестициялар тарту, жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ отандық шығармашылық өнімдердің экспортына жәрдемдеспек. Осыған орай елімізде 2030 жылға дейінгі осы бағытты дамытуға арналған тұжырымдама әзірленбек. Жалпы Қазақстанда 2019 жылдан бері креативті экономика 3 есе өскенін айта кету керек. Бүгінде ол елімізде 12 бағыт бойынша дамып, 43 экономикалық қызмет түрін қамтиды. Салада 45 жарырым мың субъект жұмыс істейді. Былтыр креативті кәсіпкерлерге арнайы салық режимі де енгізілді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Бұл жүйе іске қосылғаннан бері 1 жыл ішінде креативті индустрия субъектілерінің саны 15% артты, жұмыспен қамтылғандар саны 15% өсті. Оған қоса, 2024 жылғы Global Innovation Index нәтижелері бойынша «Креативті тауарлар мен қызметтер» көрсеткішінде Қазақстан 93-орыннан 65-орынға көтерілді.
Ал, «Ұлттық фильмдер өндірісі» көрсеткіші бойынша Қазақстан 60-орыннан 31-орынға жоғарылады. Жалпы отандық кино өндіріс былтыр 58% өскен. Бұл даму қарқыны жалғасын табады. Мәселен биыл елімізде әйгілі актер Джеки Чан және америкалық «Оскар» иегері продюсерлермен бірлескен бірқатар халықаралық киножоба іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, жасанды интеллект технологиясына негізделген контент жасау бойынша Тимур Бекмамбетовпен бірегей жоба қолға алынды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Кассалық табысы ең жоғары 10 фильмнің арасында әрбір екінші таспа отандық өндірістің туындысы болды. Шетелдік және отандық картиналардан түсетін алым шамамен теңесті. Бұл көрермендердің ұлттық контентке деген қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан да құрылтайда Мемлекет басшысы түсіріліп жатқан фильмдер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

