Қазақстанда маймыл шешегінің бір де бір жағдайы тіркелген жоқ. Үкіметте эпидемиологиялық жағдай қаралды. Мамандардың айтуынша, ел аумағында қатерлі індеттің пайда болу қаупі аз. Сақтықта қорлық жоқ, елімізде әлемді алаңдатқан сирек жұқпалы дерттің таралуына жол бермеу қамында барлық қажетті алдын алу шаралары қабылдануда. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық бақылау күшейтілді. Елімізге инфекция тіркелген басқа мемлекеттерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады. Күдікті науқастар анықталған жағдайда тиісті қызметтердің іс-қимыл алгоритмдері әзірленді. Дәрілік заттар қорының қажетті көлемін қалыптастыру шаралары қабылданды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Көріп отырғанымыздай, әзірге алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырудың бір де бір жағдайы тіркелген жоқ. Алайда, арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды әрі қарай бақылауда ұстап, жұқпалы аурудың ел аумағында таралу қаупін болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдасын. Бұл әсіресе, әуежайлар мен шекарадағы өткізу бекеттеріне қатысты.
Үкімет отырысында Қазақстанның жылыту маусымына дайындық мәселелері де пысықталды. Сала мамандарының дерегінше, қауырт кезеңге бүгінде білім беру мен денсаулық сақтау нысандары 90% жуық және тұрғын үйлердің 70% таяуы әзір. Әлеуметтік нысандар, энергия көздері мен жеке секторды отынмен қамту жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Биыл жылу желілерін жаңғырту жұмыстарына қазынадан 92 жарым млрд теңге бөлінді. Ел Премьер-Министрі 1 қыркүйекке дейін білім беру, ал 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй қоры нысандарының толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.