Қазақстанда тұңғыш техноқала салынады. Бұл озық технология, ғылым,
университеттер мен бизнес шоғырланатын ерекше мәртебесі бар ғылыми шаһар
болмақ. Оны Алматыға жақын жерде 500 га алаңда орналастыру ұсынылды. Аумағының
үштен бірі жоғары оқу орындар, ғылыми зерттеу институтары және технопаркке
бөлінеді. Олар кадр даярлау мен жаңа әзірлемелер жасауға негіз болады деп
күтілуде. Робототехника, электроника, биотехнология, медициналық техника, агроөндірістік
кешен, тамақ өнеркәсібі мен атом энергетикасы және химия саласына басымдық
беріледі. Бұл ретте жаңа энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі, заманауи
ақпараттық технологиялар және жасанды интеллектіні дамыту басты назарда болады.
Яғни, мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстарынан бастап, өндіріс жолына қоюға дейінгі
толық циклі бар салалық кластерлер қалыптастырылмақ. Тұжырымдаманы әзірлеу
барысында үздік халықаралық тәжірибе мен озық жобалар зерттелді. Бұл жұмыс Мемлекет
басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы бойынша жүргізілуде.

