Қазақстанда биыл көлік министрлігі жанынан жеке ведомства ашылады. Онда әуе апатын тергеу және оған жол бермеу шаралары қабылданатын болады. Үкімет отырысында Премьер-Министр халықаралық тәжірибеге сай жұмыс істейтін жаңа ведомства құру бойынша тапсырма берді. Сондай-ақ, Олжас Бектенов басымдық берілуі тиіс бірнеше мәселеге тоқталды. 2028-ші жылға қарай жүк тасымалдау көлемін екі есе арттыру міндеті тұр. Бұл ретте халықаралық нарықта лайықты орын алатын жүк тасымалдаушы ұлттық әуе компаниясын құру жұмысын жеделдету қажет. Орындалуы тиіс міндеттер қатарында әуе кемелері паркін толықтыру және жаңарту, шағын әуекомпанияларды қолдау шараларын пысықтау бар. Сондай-ақ, цифрландыру мен жасанды интеллектті ендіру арқылы саланы дамыту көзделген.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында авиация саласының дамуына, сондай-ақ Қазақстанда халықаралық әуе хабтарын құру мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл ретте біз еліміздің ең ірі алты әуежайының аумағында арнайы экономикалық аймақ ашу туралы шешім қабылдап отырмыз. Олар халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Сондықтан, инфрақұрылымды дамытуға және жүк тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылатын болады. Келесі кезеңде осы әуежайлар бар халықаралық стандарттар бойынша мультимодальды орталыққа айналуға тиіс.
Дәл осы авиация саласы отандық туризмді дамытуға тың серпін береді. Елдің Салалық министрлігінің дерегінше, соңғы 5 жылда оның көрсеткіштері екі есе өскен. Мәселен, тек былтыр отандық әуе компаниялар 15 млн жуық адамды тасымалдап, әуежайларда бұдан екі есе көп жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұған қоса 350 млрд теңге көлеміндегі жеке инвестицияларды тарту есебінен Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында үш жаңа жолаушылар терминалы жаңғыртылды. Бұл олардың өткізу қабілетін 6 жарым есеге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Кендірлі, Зайсан және Қатонқарағай курорттық аймақтарында жаңа әуежайлардың құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Осы бағыттағы 2030-шы жылға дейінгі жоспарлармен көлік вице-министрі бөлісті.
Талғат Ластаев, ҚР Көлік Вице-министрі:
- Жолаушы ағыны 14,7 миллионнан 26 миллионға дейін артады. Өңделетін жүк көлемі 170 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін өседі. Әуе кемелерінің саны 104-тен 221-ге дейін көбейеді. Халықаралық бағыттар 119-дан 200-ге дейін артады. Министрлік барлық тапсырманы сапалы және уақытында орындауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс үнемі бақылауда болады.
Жеңіс Ермұқанов

