Мәжіліс ЕАЭО туралы Шарт аясында жаңа ратификациялық заң жобаларын мақұлдады

Парламент Мәжілісінің депутаттары Армения мен Қырғызстан үшін Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифтерін толық енгізгенге дейін өтпелі кезеңді ұзарту жөніндегі уағдаластықтарды іске асыруға бағытталған бірқатар заң жобасын ратификациялауды мақұлдады.

Мәжілістің жалпы отырысы барысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қырғызстан Одаққа 2015 жылы кіргенін атап өтті. Сол кезде елге тауарлар бойынша бірыңғай кедендік тариф мөлшерлемелеріне көшу үшін бес жылдық кезең берілді. Бұл мерзім 2020 жылдың басында аяқталуы тиіс еді. Алайда Қырғызстан Президенті төмен баждарды қолдану уақытын ұзарту туралы өтініш жасады.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, талқылау қорытындысы бойынша мүше-мемлекеттер басшылары өтпелі кезеңнің мерзімін 1 жылға ұзартуға келісті. Сондай-ақ министр Одақ аясында Армениядан келетін бірқатар тауарға төмен кедендік әкелу баждарын қашан алып тастайтынын айтты.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Арменияға берілген өтпелі кезең 2022 жылы аяқталады. 2019 жылдың желтоқсанында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барысында Армения Республикасының Премьер-Министрі Бірыңғай кедендік тарифке көшу кезеңін ұзарту туралы өтінішпен жүгінді. Армения Республикасында қалыптасып отырған экономикалық жағдайды ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың қалған мемлекеттері неғұрлым төмен баждарды қолдану мүмкіндігін 1 жылға ұзартуға келісті. Өтпелі кезең 553 тауарға қатысты ұзартылды.

Авторы: Ақзер Сегізбай