Ақордада бейбіт өмірдің батырларына құрмет көрсетілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысы олардың қажырлы еңбегі ел қауіпсіздігі мен қазақстандықтардың амандығы үшін стратегиялық маңызға ие, сондай-ақ абыройлы және жауапты қызмет екенін атап өтті. Президент соңғы жылдары еліміз бастан өткерген табиғи апаттардың ең ауыр салмағы құтқарушыларға түскенін тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Төтенше жағдай болған аймақтарға өзім де арнайы бардым. Ерлікке бергісіз нағыз еңбекті өз көзіммен көрдім. Сондықтан азаматтық қорғау саласы мамандарының кәсіби шеберлігі және табанды еңбегінің арқасында біз бір ел болып барлық қиындықты еңсердік деп толық сеніммен айтуға болады. Жалпы, құтқарушыларымыз соңғы 5 жылда 225 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалды. Сондай-ақ, шетелдегі гуманитарлық миссияларға қатысып, кәсіби деңгейі жоғары озық маман екенін дәлелдеді. Сол арқылы еліміздің халықаралық беделін арттыруға атсалысты. Осы орайда бүгін, мен, еліміздегі барлық құтқарушыларға тағы да зор алғысымды айтамын.
Қасым-Жомарт
Тоқаев мемлекет азаматтық қорғау саласын күшейте түсуге баса мән беретінін
айтты. Осыдан бес жыл бұрын Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды, салаға
бөлінетін қаржы екі жарым есе көбейді. Материалдық-техникалық база кеңейтілді. Сала
мамандарының еңбекақысы 80% жуық өсті. Президент салаға цифрлық технологияларды
енгізу, құтқару қызметтерінің іс-қимылын үйлестіру және халықпен жұмысты
күшейту міндетін қойды. Іс-шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару
барысында ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар
тапсырды.

