Үкімет жанындағы комиссиялар саны 70-тен 25-ке қысқартылды. Бұл туралы мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту мәселелері жөніндегі кеңесте белгілі болды. Осындай жұмыстар министрліктерде де жүзеге асады. Құжаттарды қарау мерзімін екі есе қысқартатын, сондай-ақ норма шығару процесін қайта құратын Үкіметтің жаңа регламенті әзіленіп жатыр. Құжат жақын арада бекітіледі. Кеңесте Үкімет басшылығының қолданыстағы тапсырмалары тексеріліп жатқаны айтылды. Маңыздылығын жойған және қайталанатын тапсырмалардың барлығы алынып тасталады. Сондай-ақ «Е-өтініш» ақпараттық жүйесінің базасында мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру және бюрократиядан арылту жөніндегі ұсыныстарды жинайтын онлайн-ресурс құрылады. Айта кетейік, мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту мәселелері бойынша 30-дан астам іс-шарадан тұратын Іс-қимыл жоспары жүзеге асырылып жатыр.