Қазақстан Премьер-Министрі Ақмола облысына жұмыс сапары барысында көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты. Олжас Бектенов өңірдегі жетекші шаруа қожалықтарына барып, шаруалармен өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында отандық тыңайтқыштар өндірісін арттыру, дизель отынына берілетін субсидия көлемін ұлғайту және оны алуды одан да жеңілдету секілді мәселелер қозғалды.
Министрлер кабинетінің басшысы әкімдік пен салалық ведомстволарға барлық шаруа қожалықтарына мейлінше көп мемлекеттік қолдау көрсету, атап айтқанда жеңілдетілген несие және субсидиямен қамтамасыз етуді тапсырды.
Бүгінде, Премьер-Министрдің айтуынша басты мақсат – көктемгі егіс науқанын уақытылы бастап, сапалы жұмыс жүргізу. Себебі, бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетіне тікелей әсер етеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Президент биылғы жылы аграрийлерге барынша қолдау көрсетуді тапсырды. Жыл басынан бастап егістік жұмыстарына 580 млрд теңге бөлінді, қазірдің өзінде 5%-бен қосымша 400 млрд теңге қарастырылған. Дизель бойынша да көмек қолы созылады. 376 мың тонна бөлінді, қазір министрмен тағы қосымша 36 мың тонна отынды бөлуді қарастырып жатырмыз. Мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетуге тырысамыз.
Үкімет басшысы өңірдің ірі кәсіпорындарына да ат басын бұрды. Оның біреуі комбайн мен трактор жасауға маманданған. Олжас Бектенов ауыл шаруашылығына қажет техника өндірісін елімізде дамыту қажеттілігін тілге тиек етті. Бұл үшін Үкімет отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетпек. Атап айтсақ, қазақстандық техникаға субсидия едәуір ұлғайтылмақ.
Азамат Жақыпов, KAZROST ENGINEERING LTD. басқарушы директоры
– 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша біз 2 мың комбайн мен мың трактор дайындап шығардық. Біздің компанияның өндірістік қуаты жылына мың комбайн мен мың тракторды құрайды.
Премьер-Министр сондай-ақ, өңірдегі кәсібі өрге домалаған бірнеше кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Олардың ішінде жылу сақтайтын материалдар мен кірпіштер шығаратын зауытты ерекше атап өтуге болады. Елімізде сұраныс артып келе жатқандықтан, өндіріс қуаты да еселене түскен. Болашақта өзге елдерге экспортқа шығару да жоспарда бар.