Үкімет басшысы жоғары деңгейде кездесулер өткізді

Үкімет басшысы жоғары деңгейде кездесулер өткізді

Қазақстан мен Түркия арасында Анкарада өткен бизнес форум барысында 180 млн доллардың 10 шартына қол қойылды. Атап айтқанда бұл – дайын өнім экспорты, логистикалық хаб пен бірқатар зауыттардың құрылысы. Іс-шара Қазақстан Премьер-Министрінің қатысуымен өтті.

Сапар барысында Олжас Бектенов Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, елдің вице-президентімен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ ірі түрік холдингтері мен компанияларының өкілдерімен инвестициялық ынтымақтастықты талқылады.

Еліміздің Үкімет басшысы астықты терең өңдеу, көмір химиясы, мұнай-газ өнеркәсібі, мұнай-химия және қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік беретін басқа да салалардағы бірлескен жобалар назарда екенін атап өтті.

Олжас Бектенов бизнес өкілдеріне арнаған сөзінде, елімізде кәсібін дөңгелетіп, маңызды жобаларды жүзеге асырамын деушілерге Үкімет қолдау көрсетуге дайындығын тілге тиек етті. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

– Қазақстан Үкіметі озық технологияларды трансферттеу, өндірістерді локализациялау және терең өңдеу кластерлерін құру бойынша инвестициялар көлемін арттыруға ниетті. Өздеріңіз байқағандай Қазақстанның инвестициялық әлеуеті орасан зор. Және Түрік мемлекетімен өзара тиімді бизнес жүргізу үшін мол мүмкіндіктеріміз бар.  

Хусейн Акин, AKPLAS компаниясының бас директоры:

– Қазақстанда заманауи ирригациялық жүйелер өндірісін салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда осы мақсатта Қызылорда облысының әкімдігімен тиісті шартқа қол қойдық. Аталған жоба Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі зауытқа айналады. Сонымен қатар Қазақстанға суару саласындағы озық технологияларды ендіруді жоспарлап отырмыз. Әңгіме тек жабдықты монтаждау турасында ғана емес, оған қоса Қазақстанда осы өндірістің толық циклін құруды жоспарлап отырмыз.