Қазақстандық цемент Өзбекстан, Ресей және Қырғызстанға экспортталады. Жөнелтілетін отандық құрылыс материалы Жамбыл облысында өндіріледі. Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министр кәсіпорын жұмысымен танысты. Зауыт жылына 1,3 млн тонна цемент шығаруға қауқарлы. Өндіріс ошағында халықаралық стандарттарға сәйкес DCS интеллектуалды жүйесі енгізілді. Яғни, барлық технологиялық үрдіс орталықтан басқарылады. Үкімет басшысы облыстағы Қазақстан және Қырғызстан шекарасына іргелес жатқан индустриялық сауда-логистикалық кешенін аралады. Олжас Бектенов Қырғызстанның экономика және коммерция министрімен бірлескен жобаларды талқылады. Бүгінде сауда-логистикалық кешен алаңында сүт, ет, жидек, көкөніс, тоқыма, фармацевтика және басқа да өнімдер үшін кооперациялық жобалардың инфрақұрылымы құрылуда. Ендігі мақсат - жаңа өнімдерді халықаралық тауар өткізу жүйелеріне интеграциялау. Олжас Бектенов жоба тараптардың өзара сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізуге тың серпін береді деді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
– Бұл индустриялық сауда-логистикалық кешені тауар айналымын арттыруға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Индустриялық, логистикалық бағыттағы маңызды стратегиялық бастама. Бәрі уақытымен орындалуы керек. Біз өз тарапымыздан барлық міндеттемелерді орындап келеміз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

