Қазақстан Президенті ҚХР-на ресми сапары аясында ірі қытайлық компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен мұнай-газ химиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру әлеуетін талқылады. Компания 2024 жылдың екінші жартысында полиэтилен шығаратын зауыт құрылысын бастауға, сондай-ақ Атырауда терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі кешенін салуға ниетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың тез жеткізуге маманданған логистикалық операторымен кездесу аясында электронды коммерция, көлік және логистика салаларындағы тиімді әріптестік әлеуетін талқылады. Компания Орталық Азиядағы бас кеңсесін Қазақстанда ашуды көздеп отыр. Сондай-ақ еліміздің бірқатар өңірінде «А» санатындағы жоғарытехнологиялық мультимодальды орталықтар салуды жоспарлап отыр. Мұндай инфрақұрылым тауарды жедел өңдеп, оны Еуропа Одағы, Еуразиялық экономикалық одақ және өңір елдеріне шығаруға оңтайлы жағдай жасайды.
Кейін Мемлекет басшысы CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньмен кездесті. Тараптар энергетика және басқа да салалардағы өзара серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев CRRC
Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь
Юнцаймен кездесуінде машина жасау және
теміржол салаларындағы ынтымақтастық аясы әңгіме өзегіне айналды. Президент еліміздің
озық технологияларды қолдану және теміржол техникасына қызмет көрсету
орталықтарын ашу арқылы локомотивтер өндірісінің жергілікті үлесін арттыруға
мүдделі екенін атап өтті.
Бейжіңде 17 миллиард долларға
бағаланған 30 құжатқа қол қойылды
Айта кетейік, Қазақстан Президентінің ҚХР-на ресми сапары аясында еліміз бен Қытай арасында экономикалық ынтымақтастық туралы 17 млрд долларға жуық бағаланған 30 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде инвестициялық және сауда келісімдері, өндіріс технологияларын беру, несие желілерін ашу туралы шарттар бар.