Қазақстан көктемгі су тасқынының алдын алуға ерте бастан қамданып жатыр. Бүгінде қауырт маусымда 84 елді мекенді топан судан қорғау қамында 56 жоба іске асуда. Бұл қауіпті аймақтардың 580 мыңға тарта тұрғыны бар. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 310 шақырым бөгет салу қарастырылған. Бүгінде бұл жұмыстардың жартысына жуығы орындалды. Сондай-ақ, елдегі гидротехникалық құрылыстардың сақтығы зерттеліп жатыр.
Гүлзат Махаева, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Гидротехникалық құрылыстар басқармасының бас сарапшысы:
- 2024 жылдың су тасқыны кезеңінің салдарын жою үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп гидротехникалық құрылыстар мен қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. 2024 жылы 56 жобаның 27 нысаныдағы жұмыстар аяқталды. Қалған 29 нысанды 2025 жылы қолданысқа тапсыру көзделіп отыр.
Бұған қоса елдегі су қоймалары тасқын суын
қабылдауға дайындалып жатыр. Бүгінде оларда жиналған су жіберіліп, деңгейі төмендетілуде.
Жоспарға сай бос сыйымдылықтарды қамтамасыз ету үшін 2025 жылдың сәуір айына қарай
қоймалардағы судың көлемін 39-73% аралығында азайту межеленген.
Еріс Исмаилов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің бас маманы:
- Көктемде тасқын суын қоймаларға жинап қана қоймай, көлдер жүйесіне, табиғи жайылымдар мен шабындықтарға бағыттау маңызды. Сол себепті суды сауатты бөлу жұмысын алдын-ала жоспарлау қажет. Шаруалар мен басқа да су пайдаланушылардың сұраныстары толық қанағаттандырылды. Мәселен өткен суару кезеңінде еліміздің шаруа қожалықтарына шамамен 11 млрд текше метр су берілді. Бұдан бөлек үлкен және шағын су айдындарын сақтау және қалпына келтіру үшін үлкен жұмыс атқарылды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

