Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Тобыл қаласындағы өңір тұрғындарымен кездесті. Президент су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету – басты міндет екенін атап өтті. Осы мақсатта мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетіледі. Үкімет қыс түспей апат салдарын толық жоюға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім.
Өз кезегінде тұрғындар Президентпен кездесуде су тасқынының зардаптарын жоюға жедел көмек көрсетілгені үшін алғыстарын білдірді. Табиғи апаттың алғашқы күндерінен бастап еріктілер, мемлекеттік қызметкерлер, құтқарушылар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жергілікті мекендерді қорғауға барынша атсалысқан. Бұдан халықтың бірлігін айқын көруге болады. Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.Енді су тасқынының салдарын еңсеру үшін әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын .
Азаматтық белсенділік пен немқұрайлылық танытпағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілерге, студенттерге, өңірлердің еңбек ұжымдарына алғыс айтты. «Дәл осындай қиын кезеңде халық бірлігі айқын көрініс табады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.