Қазақстанда су тасқынын модельдеудің цифрлық платформасы құрылады

Қазақстанда су тасқынын модельдеудің цифрлық платформасы құрылады

Қазақстанның арнайы қызметтері су тасқынына ерте бастан қамданып жатыр. Үкіметте көктемгі қауырт маусымға дайындық барысы талқыланды. Төтенше жағдайлар министрінің дерегінше, топан судың алдын алуға бағытталған іс-шаралар 455 мыңнан астам тұрғыны бар 600 аса елді мекенде қауіпті азайтып, 200 ден астам елді мекенде оны мүлде жоюға мүмкіндік берді. Бұл мақсатта жыл басынан 25 шақырым уақытша бөгет пен 57 шақырым дуал тұрғызылды. Шамамен 5 мың шақырым канал мен 6 мың шақырым арық, су өткізетін 15 мың автомобиль және 3 мыңнан астам теміржол құрылыстары тазартылды.

Әкімдіктермен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар учаскелердің тізіміне түзету жүргізілді. Премьер-министр барлық өңірлерде су тасқынын модельдеудің цифрлық платформасын әзірлеуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Біз су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесін әдейі ерте бастап, қарап отырмыз. Көктемге дейін әлі біраз уақыт бар. Дегенмен барлық дайындық шарасын қыс түскенше аяқтау қажет. Су тасқыны қателіктерді кешірмейді, орындалмай қалған жұмыстар мен бөлінбей қалған қаражаттың соңы төтенше жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін Жол картасы уақытында іске асырылмаса ол орындалмай қалатыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде, материалдық шығын мен су басу қаупін арттыра түседі. Мүдделі мемлекеттік органдар осы жылдың соңына дейін жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауды күшету қажет.