Шардара су қоймасының табанынан тарихи жәдігерлер табылды. Қоймадағы су деңгейі едәуір төмендеп, бірқатар артефактілер топырақтың бетіне шығып қалған. Аудандық тарихи-өлкетану мұражайы жедел экспедиция ұйымдастырып, қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қыш құмыралар, тұрмыстық заттар, кірпіштер мен кәріз жүйелері, тіпті адамның сүйегі де табылды. Археологтардың тұжырымы бойынша, көне заттар 6-8 ғасырларға тиесілі. Шардара маңынан бұған дейін де бірнеше қалашықтар мен қорымдар, қараханид дәуіріне жататын құнды жәдігерлер табылған. Сондықтан тарихшылар Шардара аумағы қосымша зерттеуді қажет ететінін айтады.
Нұрлан Смайлов, Шардара аудандық тарихи-өлкетану мұражайының жетекшісі:
- Қазіргі таңда біз осы тарихи нысандағы жәдігерлерді жинап алудамыз. Баға жетпес қыш құбырлар қазылып алынып жатыр. Тас мүсін табылды әрине, сынық күйінде. Тағы да көптеген жәдігерлерді мұражай қорын толықтыру мақсатында жинақтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз мүмкіндігінше осы тарихи орындардан табылған жәдігерлерді зертеп, мұражай қорына тіркеп, насихаттау жұмыстарымен айналысудамыз.