Қазақстандық ғалымдар мемлекеттің есебінен шетелде тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болады. Қазір халықаралық бағдарламалар орталығы бұған ниет танытушыларды іріктеуде. Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін 1055 стипендия тағайындалады. Оның 500-і отандық ғалымдарды әлем елдерінің жетекші жоғарғы оқу орындарында біліктілігін арттырып, шетелдік әріптестерімен бірлесіп жұмыс жасауға бөлінген.
Бұл жолы 80 мамандық бойынша академиялық оқу және 137 бағыт бойынша тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріліп отыр. Үміткерлер тиісті құжаттарды қазан айының 28-іне дейін тапсыруы керек. Өтініштер тәулік бойы аптасына 7 күн қабылданады. Барлық үрдіс автоматтандырылған. Осы жылы шетелде оқығысы келетін жандарға бірқатар жеңілдік де қарастырылған.
Айнұр Қарбозова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті:
- Конкурстан сүрінбей өткен барлық үміткерге 5 категорияда тәжірибе ұсынамыз. Стипендия тағайындалғаннан кейін республикалық комиссия кадрларды шетелде дайындап, біліктілігін арттыру бойынша шешім қабылдайды. Кепілдікке қатысты келісімшарт жасалатын болса, олар кепілдікке жылжымайтын мүлікті қоюдан босатылады. Енді гарант ретінде екі жеке тұлға болса, жеткілікті.
Бұл жолы іріктеу тек үш айға ғана жалғасады. Бұрын үміткерлер жарты жыл бойы таңдалатын. Тәжірибеден өту мерзімі 12 айдан, яғни бір жылдан аспауы тиіс. Кейін барлық қатысушы кемінде 3 жыл жұмыс істеуі керек.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов