Түркістанда Мемлекеттік айыптаушылардың алғашқы Халықаралық форумы өтті. Оған Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ Әзірбайжан мен Венгрияның прокурорлары қатысты. Екі күн ішінде қадағалау органдарының өкілдері мен сарапшылар тәжірибе алмасып, ұлттық сот төрелігі жүйелерін дамыту, сондай-ақ ынтымақтастықты нығайту және жұмыс тиімділігін арттыру бойынша тәжірибелік шешімдерді талқылады. Қазақстандық мемлекеттік айыптаушылар құқық бұзушылықтарға нөлдік шыдамдылық пен жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларымен бөлісті. Сондай-ақ, форумға қатысушылар адам құқықтарын қорғау саласында атқарған жұмыстары жөнінде баяндады. Құқықтық салада цифрландыру және жаңа технологияларды қолдану мәселелері де назарсыз қалмады.

