Түркістан облысында жаңа су қоймасы салынуда

Қазақстанда жаңа су қоймасы салынып жатыр. Ол Түркістан облысында Балабөген мен Үлкен Бөген өзендерінің қосылатын жерінде орналасады. Гидротехникалық құрылыс бөгетінің ұзындығы шамамен - 2 км, биіктігі - 26 метр. Резервуарда тасқын су жиналып, суару кезеңінде Бөген су қоймасына жіберіледі. Жалпы, аталған құрылғы 68 млн текше метр суды сыйдыра алады. Айта кетейік, «Бәйдібек-атадан» Бөген су қоймасына қарай тіршілік нәрін жіберу үшін «Сарқырама» арнасы салынуда.


Ілияс Әлібеков, Су шаруашылығы ардагері:


- Бұның негізгі мақсаты – Бәйдібек су қоймасынан Түркістан аймағына, қаласына жалпы 40 млн текше метр су осы канал арқылы беріледі. Біз су қоймасын бітіргеннен кейін, ол суымызды қыркүйек, қазан айларына дейін жеткізуге жағдай туындайды.


Естеріңізге сала кетейік, еліміздің салалық министрлігі су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. Ол Түркістан облысында «Бәйдібек ата» және «Боралдай» құрылысын салуға мүмкіндік береді. Олар Бөген су қоймасына қосымша 113 млн текше метр тіршілік көзін жеткізуге мүмкіндік береді.