Қазақстан негізгі серіктестері - Ресей, Қытай, АҚШ және Жапониямен
сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда. Мәселен, Ресеймен - өзара тауар
айналымын ұлғайту және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға басымдық беріліп
келеді. Қытай бағыты транзит пен логистиканы дамыту үшін маңызды. Құрама
Штаттармен инвестицияларды тарту, сирек кездесетін металдар, навигациялық және
көліктік технологиялар саласындағы жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ жаңа
экспорттық нарықтарға шығу төңірегінде жұмыс жүргізілуде. Жапониямен өзара сауда-саттық
аясын кеңейтуге, соның ішінде Күншығыс
еліне қазақстандық органикалық өнімдерді жеткізуге баса назар аударылады. Еліміздің
сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өзге мемлекеттермен алыс-беріс
әлеуетіне тоқталды.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда
және интеграция министрі:
- Ресейлік бағыт
бойынша айтатын болсақ, біздің алдымызда өзара тауар айналымын 30 млрд долларға
дейін арттыру міндеті тұр. Келесі жылы біз Еуразиялық экономикалық комиссияға
төрағалық етеміз. Өнеркәсіптік кооперация, агроөндірістік кешен, көлік және
логистика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Ол үшін Қазақстанның
солтүстік-оңтүстік бағыты, яғни орта дәліз транзиттінің әлеуетін пайдаланамыз.
Міне, осындай нақты міндеттер тұр. Жапония бойынша, жалпы құны шамамен үш млрд
доллардың бірқатар келісімі жасалды. Америка тарапымен де үлкен келісімдер бар.

