Ресейге салынған санкцияларға байланысты Қазақстан Үкіметі халықаралық сауда брендтерімен тікелей байланыс орнатуда. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда 300-ге жуық халықаралық компания экономиканың барлық салаларында өздерінің Ресей нарығынан кететінін немесе инвестициясын, тауарларды жеткізуін немесе басқа қызметін шектейтінін хабарлады. Айта кету керек, тауарлардың ауқымды бөлігі Қазақстанға шетелдік компаниялардың Ресейде орналасқан дистрибьюторлары арқылы жеткізіледі.
«Қазақстан бизнес жүргізудің көптеген маңызды тұстары бойынша шетелдік компанияларға қызықты болуы мүмкін. Осыған байланысты Үкімет олардың Орталық Азия және ТМД өңіріндегі жұмыс стратегиясын түсіну үшін осы компаниялардың кеңселерімен өзара іс-қимыл жасау бойынша жұмысты бастады», – деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, ірі халықаралық компаниялардың көшуі үшін бүкіл ұйымдастырушылық және заңнамалық мәселелерді пысықтау қажет. Айта кетейік, Қазақстан Грузия, Әзербайжан және Түркия арасындағы Middle Corridor бірлескен кәсіпорны әзірленіп жатыр. Ол 2023 жылдың басында немесе ортасында ресми түрде дайын болуы мүмкін.