Еліміздегі Құрық теңіз портының жыл басынан бері жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 1,5 млн тоннадан асты. Жыл соңына қарай оның ауқымын 2,2 млн тоннаға дейін жеткізу межеленген. Жалпы әлеуетті жобалық қуаты жылына 6 млн тоннаны құрайды. Бұл мүмкіндікті толық кәдеге жарату үшін қазіргі таңда логистикалық кластер құру және паром флотын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ биыл астық терминалын іске қосу жоспарланып отыр.
Айтқали Нұрмағамбетов, Құрық портының маркетинг секторының басшысы:
– Оның қуаты жылына 1 млн тоннаны құрайды. Біржолғы сақтау көлемі 25 мың тоннаға дейін болмақ. Төртінші тоқсанның басы, қыркүйек айының соңында астық дақылдарын қабылдау үшін алғашқы сынақ жүргізіледі.
Сондай-ақ Ақтау портында да контейнерлік хаб салу жоспарланған. Инвестор ретінде Қытайдың ірі компанияларының бірі тартылды. Жоба тасымалдауды қолайлы етуге бағытталған. Биылғы 8 айда порт арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 3 млн тоннадан асты. Негізгі бағыттары – Иран, Түрікменстан, Әзербайжан және Ресей. Жалпы оның өткізу қабілеті 11 млн тоннадан асады. Мұнда үш мұнай құю және үш құрғақ жүк айлағы, астық терминалы мен паром кешені бар. Бұл ретте айта кетерлігі, нысан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуда маңызды рөл атқарады.