Түркістан Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енген Қазақстанның
үшінші шаһары атануы мүмкін. Еске салайық, бұл қатарға 2022 жылы алғаш болып
Тараз кірсе, араға бір жыл салып Алматы қосылды. Енді Түркістанның әлемдік
танымалдыққа ие болуына үстіміздегі айда ашылатын қолөнершілер қалашығы сеп
болуы мүмкін. Жаңа туристік кешен өңірдің мәдени келбетінің маңызды бөлігіне
айналып, саяхатшылар ағынын арттыра түспек. Аумағы 2 жарым гектарды құрайтын
кешендегі шеберханаларда қолөнершілердің сәндік қолданбалы бұйымдары қанат
жаяды. Солардың бірі – Болат Исабеков. Шебер сүйек, былғары және ағаштан
мүсіндер, картиналар мен кәдесыйлар жасайды.
Болат Исабеков, қолөнерші:
- Мына қолөнер бұйымдарын жауырын сүйектерінен жасалған.
Негізі жіліктен жасалған, тұяқтан жасалған, асықтан жасалған. Негізі өзім
сүретшімін, ал бұл қолөнерім – өз хоббиім.
Түркі әлемінің рухани астанасының тарихымен танысып, киелі шаһардың әлеуетін
бағалау үшін Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша Дүниежүзілік қолөнершілер
кеңесінің сарапшылары мен Оңтүстік-Шығыс Азия кеңесінің өкілдері келді.
Сохан Кумар Джа, сарапшы, Үндістан:
- Өте әдемі қала –мәдениет, тарих және дәстүрлер мекені.
Біз осының бәрі бәз-баяғы қалпында сақталғанына тәнті болдық. Бұл ең алдымен мемлекет
дәстүрлі қолөнерді жаңғыртуға қолдау көрсететінін аңғартады. Түркістанда
жергілікті шеберлер бірегей бұйымдар жасайды. Мұнда біз ұлттық қыш өнері
тарихымен таныстық. Ең таңғаларлығы – ата кәсіп түрлеріне балалардың
қызығушылық танытуы. Бұл Қазақстан халқының өз дәстүрін, мәдениеті мен тарихын
көздің қарашығындай сақтап, оны жаңғыртуға деген ынтасын танытады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

