Әлемге әйгілі суретшілердің туындыларын қазақстандықтар өз көзімен тамашалай алады

Альбрехт Дюрер, Пабло Руис-и-Пикассо, Рембранд, Рене Магритт. Өткен ғасырдың әйгілі суретшілерінің туындыларын қазақстандықтар өз көзімен тамашалай алады.

Елордада «Өнер континенті» атты халықаралық көрме ашылды. Оған арнап 15 мемлекеттен 22 суретшінің 90 еңбегі таңдалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, атақты қылқалам шеберлерінің жұмыстарын Қазақстанға алдыру үшін 2 жылға жуық уақыт келіссөз жүргізілген. Экпозицияда ұсынылған ең көне туынды 1510 жылға тиесілі. Сондай-ақ көрмеде қазіргі заман қылқалам шеберлерінің жұмыстарына да орын табылды.

Лейла Махат, ұйымдастырушы:

- Дәл осы жобаны ұйымдастыруда біз көп күш жұмсадық. Себебі мен біздің континенттің рухани, алуан түрлі мәдениетін соншалықты бай екенін көрсеткім келді. Картиналарды таңдау бір жағынан өте қиын, бір жағынан оңай болды деп айта аламын. Себебі еуропалық мәдениеттің шедеврлерін, нақтырақ айтсам, табиғи өнердің кереметтілігін көрсеткіміз келді. Яғни бұл Рембранд, Дюрер, Пикассо, Рен Магритт және қазіргі заман суретшілерінің жұмыстарын. Заманауи суретшілердің жұмыстарына қарап, қазіргі еуропалық мәдениеттің қаншалықты өзгергенін байқаймыз. Көрмеге Пикассо, Дюрер мен Рембрадтың жұмыстарын алдырту үшін жеке еуропалық, көрмелік коллекциялармен жұмыс жасадық.

Наталья Қарагөз, Молдова суретшісі:

- Әрине, менің жұмысым Магритт, Рембранд, Пикассо шығармаларымен қатар бір көрмеде қойылғанына өте қуаныштымын. Сондай-ақ өз елімді, Молдованы таныстырып жатқаным да қатты қуантады. Мұнда ұсынылған менің барлық жұмысым Қазақстанда салынды. Себебі қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда тұрамын. Картиналарда өзіндік Қазақстанның атмосферасы бар шығар, бәлкім, осында шабыттанғандықтан болар.

Авторы: Ақзер Сегізбай