Ашхабадта 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай
көрме-байқау ашылды. Мұнда 170-тен астам суретші, мүсінші және зергер өздерінің
үздік жұмыстарын ұсынды. 290-нан астам туынды түрікмен халқының дәстүрі мен
мәдениетін, әйел сұлулығын және көптен күткен көктемнің келуін бейнелейді. Бірегей
еңбектер сан түрлі техникалық мәнерде және жанрларда орындалған. Көрмеде
кескіндеме, графика, мүсін, керамика, гобелен, зергерлік бұйымдар мен
дизайнерлік шешімдер ұсынылған, олардың әрқайсысы автордың өзіндік қолтаңбасын
көрсетеді. Хас шеберлер еңбектерінің терең мағынасын ашып, көрермендермен
бөлісті. Қазылар мен қонақтар оларды жоғары бағалады.
Мерджен Аманклыджова, Түркімен мемлекеттік көркемөнер оқу
орнының оқытушысы:
- Менің отбасым мені көркем өнер жолына түсуіме шабыттандырды.
Олардың қолдауы арқылы мен өзімнің өмірлік мақсатымды таптым. Бұл таңғажайып
бояулардың сиқырлы әлеміне келгеніме осымен 15 жыл болды. Негізінен қылқалам
арқылы ұлттық нақыштағы өнер туындыларын жасаймын. Дәстүрлі киім киген түрікмен
әйелдерінің сұлулығын бейнелеймін. Менің туындыларымда жарқын, қанық түстер
басымдыққа ие. Мен үшін қызыл түс ерекше маңызға ие. Ол өмірлік күш-қуаттың нышаны
іспетті.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

