Түркі елдерінің бірыңғай кино және медиа платформасы құрылады

Түркі елдерінің бірыңғай кино және медиа платформасы құрылады. Бауырлас елдер Өзбекстанда «Ұлы бабалар мұрасы – үшінші Қайта өрлеу дәуірінің негізі» атты халықаралық Конгресінде осындай келісімге келді. Стримингтік тұғырнама түркі елдерінің рухани және мәдени мұрасына қатысты контентпен қамтылмақ. Яғни осы бағыттағы көркем және деректі фильмдер, жаңалықтар мен бағдарламалар, электронды кітаптарды енді бір алаңнан табу мүмкіндігі туады.  

Фирдас Абдухаликов, Ислам өркениеті орталығының директоры, Өзбекстан:

– Бұл жерде Түркі елдерінің көптеген белді ғалымдары, білікті медиа қайраткерлері, кинотанушылар, продюсерлер мен сала майталмандары жиналды. Біз түркі елдерінің ортақ платформасын құру жөнінде уағдаластық. Бұл стримингтік тұғырнама ең алдымен түркі жастарын рухани тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған.  

Бұған қоса бауырлас елдің кинематографистері бірлескен жобаларда жұмыс істеуге бейіл. Қазірдің өзінде тарихи тұлғалардың тағылымды өмірі туралы бірнеше фильм сценарийі іріктеліп алынды. Түсірілім жұмыстарын бастайтын күн де алыс емес.    

Бекболат Шекеров, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының бас редакторы:

– «Қазақфильм» киностудиясы бірлесіп түсіруге болатын «Әл-Фараби» атты жобаны ұсынады. Ол тарихта екінші ұстаз атанған біздің ортақ бабамыз, ұлы ойшылдың өміріне арналған.  Біз оның өмір сүрген дәуірін қайта жаңғыртып, шығармашылығы мен ғылыми еңбектерін және өмірбаянын кеңірек қамтуға тырысамыз. Бұл ауқымды фильм қазіргі таңда Қазақстанда және жалпы Түркі елдерінде бар жаңа технологиялармен түсірілетін болады. 

Фуркат Усманов, Ұлттық кинематографияны дамыту орталығының директоры, Өзбекстан:

– Бауырлас Қазақстанның киноөндіріс саласының мамандарымен бірге Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов жайында ірі жоба жасауды жоспарлап отырмыз. Ол тек Қазақстанның ғана емес, жалпы Түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан бірегей тұлға. Біз Мұхтар Әуезов тұлғасын «Памир тауларындай биік» деп сипаттаймыз.

Түркі елі киногерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесін келесі жылы елімізде өтетін  «Қорқыт ата» түркі әлемінің кинофестивалінде көруге болады. Айта кетейік, дәстүрлі байқау әр жылы бекітілетін Түркі әлемінің мәдени астанасында ұйымдастырылады. 2025 жылы бұл мәртебе Ақтау қаласының құзырына тиетіні мәлім.