Ұлттық
медиа - халықтың үні, ал журналист -
жасампаздық жаршысы. Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық
ақпарат құралдары саласы қызметкерлерін алдағы кәсіби мерекелерімен
құттықтауында осылай деді. Журналистер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам
мен биліктің арасында көпір болып келеді. Реформалардың мән-мағынасын
жұртшылыққа жеткізеді. Бұл – өте маңызды әрі күрделі жұмыс. Әрбір адамның
қолынан келмейді, - деді Президент.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз озық ойлы ұлт болуымыз қажет. Көш бастайтын елдердің қатарына
қосылуымыз керек. Бір ел болып, жұдырықтай жұмылсақ, бұл мақсатымызға міндетті
түрде жетеміз. Осы ортақ жұмысқа журналистер қауымы да зор үлес қосып жүр.
Сіздерді реформаның қозғаушы күші деп айтуға болады. Түптеп келгенде, билік те,
баспасөз де ел игілігіне қызмет етеді. Еліміздің мақсаты – биік, бағдары –
айқын. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз, Өркениетті және Таза Қазақстанды құру.
Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық геосаяси, геоэкономикалық ахуалға да
тоқталды.
Ғаламдық цифрлық трансформациямен әлем жаңа дәуірге қадам
басты. Жасанды интеллект технологиялары мемлекеттің табысты дамуының басты
факторына айналады. Президент өркениет көшінен қалмау үшін инновацияны барлық
салаға қарқынды түрде енгізу қажеттігін айтты. Жасанды интеллект журналистерге
де жаңа талап қояды. Дегенмен, тың мүмкіндіктер әкелуі де мүмкін. Кез келген жетістіктің бірлікпен келетіндігін ұмытпаған жөн. Бастысы -
тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына
сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақалалармен, ой-пікірлермен
таныспын. Қазір журналистеріміз түрлі салада жұмыс істеп жүр. Қаламгер әрі
қайраткер азаматтарымыз аз емес. Ақпарат саласының өкілдері Парламент пен
мәслихаттарда табысты еңбек етуде. Сондай-ақ, жергілікті және орталық атқару
органдарында қызмет етіп жүрген азаматтар бар. Бұл журналистің бесаспап
мамандық иесі екенін анық көрсетеді.
Сөз – аса қуатты қару. Осылай деген Президент бір ауыз сөз араз елді тату
қылады, тату елді араз етеді деді. Сондықтан сөз құдіретін терең түсініп, оның
салмағын сезіне білу қажет. Демек журналистерге айрықша сенім мен зор
жауапкершілік жүктеледі. Жиынға ақпарат саласының ардагерлері де қатысты.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрге сай журналистерге Президент сыйлығы мен
гранттарын тапсырып, алғысын жариялады. Сонымен қатар, медиа саласының
өкілдерін мемлекеттік наградамен марапаттады.

