Елордада ұлттық бейнелеу өнері жауһарларының көрмесі ашылды

«Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер». Осындай атаумен елорда төрінде Ұлттық музейдің 10 жылдығына арналған көрме ашылды. Экспозицияда қазақ бейнелеу өнерінің ең жарқын бейнелері мен  жауһарлары қанат жайды.

Атап айтсақ, Қазақстанның аты аңызға сала майталмандарының танымал туындылары мен жас талантты суретшілердің жұмыстары қойылды. Барлығы 250 жуық сурет көрермен назарына ұсынылған. Көрме төрінен қазыналы елдің дәстүрлі қолөнер бұйымдары мен музыкалық аспаптар да орын тепті. 

Айбек Сыдықов, ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы:

– Ұлттық музейімізде 14 астам коллекция, 200 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Олардың барлығын экспозициялық алаңда көрсету мүмкін емес. Сондықтан, осындай көрмелер арқылы Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынатын боламыз. 

Ольга Батурина бар саналы ғұмырын сурет өнеріне арнаған. Ол 30 жыл бойы жоғары оқу орнында сабақ беріп, қазақ кескіндемесінің даму тарихын зерттейтін өнертанушы студенттерді тәрбиелеп үлгерді. Сондықтан осы көрмедегі бірінші экскурсияны өткізу мәртебесі бұйырғанына дән риза.  

Ольга Батурина, көрме кураторы:

– Бұрынғы, нағыз қазақ өнері музыка екенін естен шығармағынымыз жөн. Сондықтан, қазақ сурет өнеріндегі немесе қолданбалы өнеріндегі әрбір бұйым мен картинада әуезді ән сезілетіні жасырын емес. Бұл жердегі әрбір картинаның маңызы зор. Себебі, автор да қазақ сурет өнерінде ізін қалдырған және картиналары да өте керемет. Олардың жанры мен стилі әртүрлі болуы мүмкін. Біз Ұлы даланы, Ата мекенімізді, ұлттық құндылықтарымызды және табиғатымызды бейнелеген картиналарға басымдық бердік. Әсіресе, мынау пейзаждарда қазақтың рухы мен философиясы көрсетілген.