«TURAN» этно-фольклорлық ансамблі 15 жылдық мерейтойын әлемдік турнемен атап өтпек. Қазақ халқының көне дәуірлерден тамыр тартқан, ешкімге ұқсамайтын ескі де есті әуендері шетелдік тыңдармандардың да жүрегін жаулап алғаны белгілі. Шығармашылық ұжымның әр гастролі аншлагпен өтетіні бұған айқын дәлел. Бұл түсінікті де – себебі көне аспаптардың пернесі ағытқан күй мен шер тыңдарманның жүрегіне дөп тиеді. Бұған музыканттардың шеберлігін қосыңыз: бірнеше аспапта тел ойнайтын олар көмеймен шырқауды да меңгерген. Бұл жолы әртістердің репертуары да айтарлықтай кеңейген: сапарға арнап жазылған шығармалар қосылыпты.
Серік Нұрмолдаев, «Turan» Этно-фольклорлық ансамблінің солисті:
- Біз екі бағыт бойынша жаңа бағдарламалар ұсындық. Себебі Тұранның осы 15 жылда жасаған әйгілі шығармалармен қатар біз осы Наурызға бара жатқаннан кейін бір шығарма жасадық, ол түркі халықтарының белгілі әндерінен құралған поппури болатын. Сонда Наурызға арнайы ұйымдастырылған АҚШ-тың мемлекеттік департаментінде тұсаукесерін жасадық, ойнап шықтық. Халықтың көңілінен шыққан сияқты. Америкада, мысалы біз түрлі аудиторияғы өнер көрсеттік. Ең біріншіден, әрине, біздің қандас бауырларымызға концерт беріп қайттық. Мақсат айтпақшы, концертте сағыныш баса алмай келген қазақ баурларымыз, барлығы түгел жылап, әрең қоштасты бізбен.
Мақсат Медеубек, «Turan» этно-фольклорлық ансамблінің солисі:
- Еуропадағы бағдарлама өзінде бірнеше түрі бар. Біреуі өзі Тұранның концерттік бағдарламасы, Тұранның шығармалары, Қазақстанның композиторларының шығармалары, халық композиторларының күйлері кірген. Екінші бағдарлама – ол қазіргі заманғы Райымқұлова Ақтоты Рахметұлақызың арнайы жазған шығармалары. Біреу осы тоғыз жыл бұрын шыққан. Екіншісі арнайы осы сапарға жазған шығармасы. Сондай-ақ концертте Қазақконцерт ұйымының әртістері өнер көрсетті.