Ақордада еліміздің мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Президенті салтанатты іс-шараға қатысушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Президент мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтты. Мақсат – елімізді күшті, озық мемлекет ретінде дамыту, сондай-ақ, дарынды, көкірегі ояу жастардың өмір жолын ашып беру. Бұл басымдық жаңа Конституцияда айқын көрініс тапты. Мемлекет басшысы жаңа Ата заңда тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне де баса назар аударылғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Тек былтырдың өзінде елімізде 61 мәдениет нысаны салынды. 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Президент Жарлығымен үш бірдей мұражайға «Ұлттық» мәртебе берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Меніңше, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе берілсе, орынды болар еді. Сондай-ақ Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына «Академиялық» мәртебе беру керек деп есептеймін.
Бұдан бөлек, Президент дәстүрлі өнерді, әсіресе, жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беру қажет деп санайды. Төл өркениетіміздің осындай теңдессіз қазыналарын дәріптеп жүрген өнер адамдарына қолдау көрсету үшін Қазақстанда «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы тағайындалады. Сонымен қатар Президент қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттау туралы ой қозғады. Ол бұл мақсатта жақында зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойғанын жеткізді. Үкіметке кітапхана және кітап шығару ісін заң тұрғысынан қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі, «Жылдың он оқырманы» республикалық жобасы өткізілетін болады. Баршаға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады. Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Алтын Орда тарихына арналған симпозиум өткенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Маусым айының алғашқы онкүндігінде III Архившілер конгресі өтеді. Биылғы басқосу жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде тарихи-мәдени және деректі мұраны сақтау мәселесіне арналады. Біз – мәдениетіміз әралуан, бауырмал әрі кеңпейіл халықпыз. Еуразия кеңістігінде маңызды орын алатын және аталған субконтинентте жан-жақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға атсалысып жатқан прогрессивті, бейбітсүйгіш ел ретінде Қазақстанның халықаралық беделін арттыру үшін осы мәдени ерекшелікті жан-жақты дәріптеудің мәні зор.
Еліміздің төл мәдениеті дүние жүзіне лайықты деңгейде танылып келеді. Әйгілі музыканттар, әншілер, актерлер, суретшілер, бишілер, креативті индустрия өкілдері және басқа да өнер шеберлері қазіргі қазақ руханиятының жарқын бет-бейнесіне айналды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстанның шетелде кеңінен танылған медиа жобасы – Silk Way Star халықаралық ән байқауын заманауи мәдени дипломатияның бір үлгісі деп атады. Ол Қазақстан Президентінің телерадиокешені мен China Media Group медиакорпорациясы арасындағы келісім аясында жүзеге асырылды. Қазақстан халықаралық ұйымдармен ықпалдастықты айтарлықтай күшейтті. Еліміздің ЮНЕСКО тізбелеріне енетін мәдени нысандар қатары алдағы уақытта ұлғая түспек. Жиын соңында Президент отандық мәдениет саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік награда табыстады.

