Қазақстанда Елбасының бейбітшілікті, келісім мен елдің ұлттық егемендігін қалыптастыруға қосқан үлесіне арналған бірқатар фильмдер түсіріледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған тележоба өткен жылы басталған «Тұңғыш Президент жолымен: бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» жалпыұлттық экспедициясының жалғасы болмақ. Бұл туралы Алғыс айту күні және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған дөңгелек үстел барысында ҚХА төрағасының орынбасары Майя Бекбаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, тележоба 5 бөлімнен тұрады. Олардың әрқайсысында республиканың әр өңірінің өзіндік өмірі мен тарихының ерекшеліктері көрсетіледі. Бірегей тележоба Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында танымал заманауи жанрда ұсынылады.
Майя Бекбаева, ҚХА төрағасының орынбасары, «Qazaq TV» телеарнасының директоры:
- Қазақстан халқы әр өңірде қалай және немен өмір сүреді? Ұлтаралық бірлік қалай сақталуда? Біздің елімізде тұратын түрлі этнос өкілдері қазақ халқының ажырамас бөлігі бола отыра, өз ерекшеліктерін қалай сақтауда? Биыл осы және өзге де сұрақтарға «Тұңғыш Президент жолымен: бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» телеэкспедициясы жауап беретін, көрсететін және баяндайтын болады. Біздің жобаға этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея құрылымдарының, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның, жастардың, әсіресе өңірлік деңгейдегі белсенділер кеңінен қатысады. Қазақстанның әрбір өңірін мысалға ала отырып, еліміздің бейбітшілік пен келісім саясатының негізгі кезеңдерін ашып көрсетпекпіз.