Шанхайдан Қазақстан аумағымен Гамбургке теміржол жүк тасымалы ашылды. Жаңа бағыт бойынша алғашқы тауар пойызы жолға шықты. «Шанхай экспресі» неміс қаласына киім-кешек, автобөлшектер, күн батареялары, ыдыс-аяқ, жиһаз сынды әртүрлі қажетті заттарды жеткізеді. Тауарлар 40 футтық 50 контейнерге жүктелді. Пойыз Гамбургке екі апта ішінде жетеді. Ол Қазақстан, Ресей, Беларусь және Польша арқылы транзиттен өтуі тиіс. Ал қайтарда 4-ші Қытай халықаралық импорттық ЭКСПО көрмесіне қатысқан неміс компанияларына тиесілі өнімдерді жүктеу жоспарлануда. Шанхай кеденінің ақпараты бойынша, тауарлар межелі жерге апта сайын келетін болады. Болашақта Қытай-Еуропа теміржол жүк тасымалы аясында қосымша бағыттар ашылатынын айта кеткен жөн.