Қазақстандағы 5 үздік жерасты су орындары аталды. Салалық министрліктің дерегінше, олар елдің халқы мен өнеркәсіптік нысандарды тіршілік ылғалымен қамтамасыз етіп отырған негізгі көздер. Бұл қатарда Көкжиде, Алматы, Талғар мен Мерке және Кеңқияқ жерасты су кен орындары бар. Олар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға елеулі үлес қосып, аймақтардың орнықты дамуына ықпал етеді. Мәселен, аталған ірі жерасты көздерінің қоры Алматы қаласы мен Алматы облысынның және Ақтөбе өңірінің тұрғындары мен кәсіпорындарын сумен үздіксіз қамтуға мүмкіндік береді.
Қарлығаш Нұриханова,
Жер асты суларын мемлекеттік бақылау және мониторинг басқармасының басшысы
- Бүгінде жерасты суларының жылдық қоры шамамен 15,7 текше километрді құрайды. Бұдан басқа, жерасты сулары өзендер мен көлдерді толықтырып, экологиялық теңгерімді сақтайды. Қазіргі таңда пайдалануға алынатын судың жалпы көлемінің 95,8% жер үсті көздеріне тиесілі. Тек 4,2% - жер асты суы кәдеге жаратылады. Ауыз су қажеттілігі үшін жер үсті көздерінен 60,5% су алынады. Жерасты суларына 39,5% тиесілі. Жерасты суларын ұтымды жұмсау тіршілік көзінің тапшылығын болдырмаудағы маңызды қадам. Экожүйе және қоршаған ортаны сақтау қамы. Бұл ресурсты басқару озық технологиялар мен тиімді тәсілдердің үйлесімдігін талап етеді.
Жеңіс Ермұқанов.

