Биыл ТМД-ға мүше елдердің Парламентаралық Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осыған орай Алматыда Ассамблея жұмысының маңызды бағыттары талқыланған жиын өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға жолдаған үндеуін Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бірлескен заң шығару жұмысы жаһандық күн тәртібі шеңберінде орнықты дамудың, декорбонизацияның және цифрландырудың маңызды міндеттерін іске асырудың теңгерімді тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Қазақстан Ассамблеяның көпжақты қызметін толық қолдайды.
30 жыл ішінде Парламентаралық Ассамблея 600-ден аса үлгі заң қабылдап, ТМД елдерінің құқықтық базасын қалыптастыруға үлес қосты. Достастық елдерінің құқықтық жүйелерін жақындастыру арқылы олардың әр салада ынтымақтасуына жағдай жасалды.
Валентина Матвиенко, ТМД ПАА кеңесінің төрайымы:
- Ассамблея жұмысының маңызды бағытының бірі – сайлау мен референдумдарды бақылау. Бұл салада Парламентаралық Ассамблея қалыптастырған механизм сайлау процестерінің халықаралық мониторингі жүйесінің бір бөлігіне айналды. ТМД Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылары 140-тан астам сайлау процесін бақылады. Атап айту керек, алғашқы тәжірибеміз осы жерде, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауында болды.
Айта кетейік, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының келесі отырысы күзде Өзбекстан Республикасында өтеді.