Қазақстан-Пәкістан бизнес форумының қорытындысы бойынша жалпы құны 200 млн долларға жуық 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф қатысты. Келісімдерде қаржы, логистика, өнеркәсіп, энергетика, цифрландыру және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту көзделген. Бұдан басқа, екі елдің іскер топтары арасындағы ықпалдастық Қазақстан мен Пәкістанның Үкіметаралық комиссиясының тетіктері арқылы күшейтілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Экономикалық стратегиямыз сауда мен инвестицияны әртараптандыруға, инновацияларды ынталандыруға және білімге негізделген даму моделін ілгерілетуге бағытталған. Мен жетекшілік ететін Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстандағы ашықтық, әділдік қағидаттарына және іскерлік климатты ұдайы жақсартуға бейіл. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторлар мен бизнеске арналған үдерістерді айтарлықтай жеңілдетеді.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Пәкістанның географиялық орналасуы стратегиялық тұрғыдан маңызды. Екі ел де өңірлік және жаһандық байланыстың басты буыны бола алады. Қасым-Жомарт Тоқаев сондықтан бұл бағыттағы ынтымақтастық өзара тиімді болатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ұлттық операторы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен Пәкістанның ұлттық логистика корпорациясы және Pakistan Post компаниясы арасында келісімге қол қойылуын құптаймын. Олардан мультимодальды көлік шешімдерін ілгерілетуге және елдеріміздің порт инфрақұрылымын бірлесе пайдалануға жол ашатын нақты қадамдар күтеміз.
Бүгінде Қазақстан әлемнің 70 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрін экспорттайды. Республика жеткізу географиясымен қатар шетелге жөнелтілетін тауарлар тізімін кеңейтуге дайын. Бұл қатарда қант қызылшасын өңдейтін жаңа зауыттың өнімі болуы әбден мүмкін. Өндірісті іске қосу туралы пәкістандық компаниялардың бірімен келісім жасалып қойған. Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның инвестициялық және IT компанияларын да әріптестікке шақырды. Өз кезегінде Шахбаз Шариф өзара сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін бесжылдық бағдарламаны әзірлейтін жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді. Айта кетейік, Қазақстан Президенті Пәкістан Премьер-министрін биыл Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

