Тәжік Аграрлық университетінде су шаруашылығының заманауи
зертханасы ашылды. Оқу нысаны әлемдік стандарттарға сай озық құрал-жабдықтармен
жарақтандырылған. Мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ,
студенттер, аспиранттар мен докторанттар үшін гидравлика, гидрометрия,
гидротехника, механика, ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы және
мелиорация сияқты бағыттарда тәжірибелік сабақтар өтеді. Сонымен қатар,
шетелдік ғалымдармен бірлескен жобалар іске асырылмақ. Зертхана су ресурстарын
басқару қамында құрылған. Бұл Орталық Азия өңірі үшін аса өзекті бағыттардың
бірі.
Шахриёр
Сатторов, Тәжік Аграрлық университетінің оқытушысы:
– Бұл еліміздегі бірегей, яғни баламасы жоқ жалғыз зертхана. Біздің университеттің гидромелиорация факультеті үшін халықаралық
деңгейдегі мамандарды даярлауға қажетті озық үлгіде жабдықталған оқу нысаны. Мұнда мелиорация және су шаруашылығы саласында ғылыми зерттеулер жүргізуге, тәжірибелік
дағдылар мен білімді жетілдіру үшін барлық жағдай жасалған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

