Еліміздегі су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізу. Жағдай
күрделене түссе, қосымша күштер мен құралдарды енгізу және су айдындары бойында
орналасқан елді мекендерді қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдау қажет.
Премьер-Министр жауапты мемлекеттік органдарға осындай тапсырмалар берді. Олжас
Бектенов су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің
салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді. Бүгінде ел
аумағының 67% қар басып жатыр. Наурыз бен сәуірде ауа райы жылы болып, жауын-шашының мол түсуі су
тасқыны қаупін арттырмақ. Тасқын қаупі жоғары аймаққа Шығыс Қазақстан,
Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Абай, Ұлытау
облыстары жатады. Азаматтық қорғаныс қызметтері қауырт кезеңге сақадай сай
дайын отыр. Арнайы күштер мен құралдарды топтастыру орындары белгіленді. Оның құрамында
37 мыңнан астам адам, 13 мың бірлік техника, 4 мыңнан астам су айдау қондырғысы
және 640 бірлік жүзу құралы бар. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе
кемелері – тәулік бойы кезекшілікте.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Әкімдіктер елді-мекендерді су шайып кетпеу үшін қажетті
шаралардың барлығын қабылдауы тиіс. Су өткізу құрылыстары, көпірлер мен
тюбингтер мұз бен қоқыстардан тазартылып, берілген сулардың өтуіне дайын болуы
тиіс. Өзен арналарын тазартып, бекіту қажет. Суға кету бейім елді-мекендерді
күштер мен құралдарды, оның ішіндегі тиісті техниканы топтастырып дайындау
қажет. Эвакуациялау орындары анықталсын, олар тіршілікті қамтамасыз ету үшін
барлық қажетті құралдармен жабдықталуы тиіс.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

