Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері бойынша тағы бірнеше жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Мәселен Жамбыл өңірінде жел электр станциясы пайда болады. Оның қуаты 100 мегаватты құрамақ. Жасыл жобаны Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкі қаржыландырады. Халықаралық қаржы институты нысанның құрылысына 36 млн доллар бөледі. Қазір баламалы қуат көзі жобасын Қытай және Дубай компаниялары әзірлеп жатыр. Сондай-ақ бұл бастамаға Еуропалық қайта құру және даму банкіде қосымша қаржы құймақ. Бұған қоса бұл бастама «Жасыл климаттық қор» және «Таза технологиялар қоры» қаражаты есебінен де қолдау табады. Ал француз тарапымен Қазақстан аумағында жалпы қуаты бір гигават энергия сақтау жүйесі бар желден қуат өндіретін станциялар салу жоспарланған. Жоба екі кезеңмен жүзеге асатын болады. Сонымен қатар Қостанай облысында да тағы бір баламалы қуат көзі нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жел электр станциясы 48 мегаватт қуат өндіреді деп күтілуде. «Qazaq Green» порталының мәліметінше, қазіргі таңда елде 130 жаңартылатын энергия көзі іске қосылған. Оның 46 жел, 44 күн, 37 су және 3 биоэлектр стансалары.