Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында Елдос Сметов алтын жүлде жеңіп алды

60 келі салмақ дәрежесінде татамидегі ақтық бәсекеде жарыс қожайыны Лука Мхеидземен кездесіп, вазари әдісімен қапы қалдырды. Айта кетейік, Елдос Сметов төртжылдықтың басты спорттық додасына осымен үшінші рет қатысты. Рио-де-Жанейрода күміс, Токиода қола медаль еншілеген отандасымызға жеңіс тұғырына көтерілуге тек сәттілік жетіспеген болатын. Сондықтан, ол Парижге тек алтын үшін барғанын жасырмады. Ал, спортшының отбасы әр белдесуін тікелей эфирде көріп, жанкүйер болды.


Бақтыбай Сметов, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың әкесі:


- Бұл үлкен қуаныш біз үшін. Енді шегі жоқ қуаныш! Көптен күткен арманы, қола бар, күміс бар. Мінекей енді алтын да келді.


Олимпиада чемпионын Франциядағы Қазақстан елшілігінде жанкүйерлері құттықтады. Бұл жерде Қазақстан құрамасының медиа орталығы ашылған болатын. Айта кетейік, Елдос Сметовты Олимпиададағы алтын жүлдесімен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Мемлекет басшысы спортшы бүкіл елді қуантқанын айтты.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


– Дзюдошымыз Елдос Сметовті Париждегі Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Оның шеберлігі мен қайсарлығының арқасында Қазақстанның туы биікте желбіреді. Елдос мықты қарсыластармен күресте төртжылдықтың басты додаларында топ жарып, әлемнің үздігі атанды. Сіздің жеңісіңіз – біздің бүкіл халқымыздың жеңісі!


Олимпиада басталғалы бері қазақстандық спортшылар бұдан бөлек, екі қола жүлде иеленіп үлгерді. Атап айтсақ, 66 келі салмақ дәрежесінде тағы бір дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев қоланы қоржынына салды. Ал, Александра Ле мен Ислам Сәтпаев пневматикалық қарудан атыс бойынша аралас командалар сайысында үздік үштіктен көрінді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?