Қазақстан Украинадан өз азаматтарын эвакуациялауды жалғастыруда. Төртінші репатриациялық рейспен 155 жолаушы елге жетті. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Катовице қаласынан ұшқан борт елорданың халықаралық әуежайына келіп қонды. Бұған дейін Украинадан 432 қазақстандық эвакуацияланған еді.
Бауыржан Игіліков, қазақстандық:
- Балам 28 ақпан күні дүниеге келді. Атасы осындай қиын заманда дүниеге келген нағыз ер жігіт, батыр болсын деген ниетпен есімін Батыр деп қойды. Алматы қаласынан боламыз, барлығы тақымын қысып күтіп отыр.
Расул Тәуекелов, қазақстандық:
- Қазір ол жақтағы жағдай өте қиын, жарылыс болып жатыр. Біз Польша арқылы 6 сағаттың ішінде ұшып келдік.
Киевтегі жағдайдың нашарлауына байланысты қазақстандық дипломаттар Львов қаласына көшіріліп, сол жерде жұмысын жалғастыруда. Олардың көмегімен 44 қазақстандық жүк көлігі Украина аумағынан шығарылды. Тағы 13 көліктің жүргізушілеріне барынша көмек көрсетілуде.