23 жастағы қазақстандық Абзал Әкімбек музыкалық аспаптың 50 түрін жасайды. Олардың қатарында қазақтың қоңыр домбырасы мен қылқобызы сынды киелі халық аспапттары бар. Оның жұмысына сұраныс мол. «Басты мақсатым – ата кәсіпті жаңғырту», – дейді шебер.
Абзал Әкімбек, халық аспаптарын жасау шебері:
- «Дала сазы» деген шеберхана бар. 7-сыныпта оқып жүрген кезімде бос уақытымда, жазғы демалыста сол шеберханада өткізетін болдым. Шеберханада жүріп көптеген нәрсені үйрендім. Нұсқалық аспап жасауды, қолөнерді, жалпы ағашты қалай өңдеу, қалай таңдау керек екенін, қандай ағаштың түрлері болады, сол жайлы үйрендім. Мен 19 жасымда өзімнің шеберханамды аша бастадым.
Абзал Әкімбек сүйікті әуестігін табыс көзіне айналдыра білді. 2019 жылы жас шебер өз ісін жетілдіру үшін мемлекеттік бағдарламаның асясында 2,5 млн теңгенің грантына ие болды. Ол қаржы аспаптар әзірлеуге қажетті құрал жабдықтар мен қондырғылар алуға жұмсалды. Енді шебер жылына 200 түрлі аспап жасай алады.
Абзал Әкімбек, халық аспаптарын жасау шебері:
- Негізі шеберханада жасалатын аспаптардың 80% – домбыра. «Нағыз қазақ – домбыра» деген сөз тіркесі бар ғой, елдің бәрі, тарта алатыны, тарта алмайтыны да бар, консерваторияда, музыкалық мектептерде оқитындар алады.
Қазақстандық шебердің алдына қойған мақсаты көп. Бастысы – ұлттық өнерді жаңғыртып шәкірт тәрбиелеу. Жоспар айқын. Олардың бірі – өндіріс іргесін кеңейту. Сондай-ақ халықаралық көрмелерге қатысып, ұлттық өнерді кеңге насихаттау.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.