Борышкердің қарызын өндіру тек жеке сот орындаушының ғана мәселесі емес. Сот шешімін орындауға құзырлы органдар мен заңды тұлғалар белсенділік танытып, бірдей атсалысуы керек. Елордалық жеке сот орындаушыларының өңірлік палата басшысының орынбасары Айбын Өтегенов осындай пікірде. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына орай реформаланып жатқан сот жүйесінде осы жағы ескерілсе деген ниетін білдірді. Айтуынша, кей заңдардыңда бір-біріне қайшы келетін тұстары кезігіп жатады. Заңның шикілігімен қатар, сала мамандарының әділдікке бет бұруын ынталандыратын шаралар кешені қолға алынуы тиіс. Ең бастысы атқарушы қызметтерді біріздендіретін ортақ жүйе қалыптастыру керек деп санайды маман.
Айбын Өтегенов, Нұр-Сұлтан қаласы жеке сот орындаушыларының өңірлік палата басшысының орынбасары:
- Ішкі істер департаментінің «соттың шешіміне араласпаңдар» деген хаты бар. Яғни олар өздерін бөліп тастап жатыр. Соттың шешімін сот орындаушы орындау керек, әкімшілік жауапкершілікке тек қана сот орындаушылары тарту керек. Ал енді әкімшілік жауапкершілікке тартудың өзі бір басқа, қиын. Неге? Ол жерде адамға мәжбүрлі шаралар қолданылады, үйінен алып шығып, алып бару деген секілді. Бізде ондай құзірет жоқ. Ондай құзірет полиция департаментінде бар. Ал полиция департаменті ондайға араласпа дейді. Яғни жүйелері бір-бірімен тығыз байланысу керек.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов