Қазақстан бүгін Израильден өз азаматтарын арнайы рейспен эвакуациялайды. Ұшақ Алматыдан Тель-Авивке ұшып үлгерді. Қазір ел азаматтарын қауіпсіз жерге шығару үшін барлық деңгейде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы іс-шаралар кешені қолға алынған. Сонымен қатар Израильдегі азаматтарымыз жайында барлық толық ақпарат жиналып, тізім жасалды. Жедел чат құрылғандығын да айта кеткен жөн. Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігі отандастарды барлық сақтық шараларын сақтауға, барлық жаңалықтарды, ресми сайтты және сенім телефондарын бақылауға шақырады. Естеріңізге сала кетейік, республика Сыртқы істер министрлігі бір күн бұрын жариялаған ақпаратқа сәйкес, 118 қазақстандық атамекеніне оралуға ниет білдірген. Қазақстанның Израильдегі дипломатиялық өкілдігінің консулдық есебінде 77 адам бар. Сонымен қатар 5 студент және 30-ға жуық отандасымыз сол елде медициналық тағылымдамадан өтіп жатыр. Сондай-ақ Израильде консулдық есепте тұрмаған 400-ден астам қазақстандық болуы мүмкін.
Айбек Смадияров,
ҚР
Сыртқы істер министрінің ресми өкілі:
- Сыртқы істер
Министрлігінде және Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінде Израиль аумағындағы
ҚР азаматтары мен олардың еліміздегі туыстары үшін жедел желі ашылды. Осы екі
күн ішінде отандастарымыздан 500-ден аса қоңырау түсіп, оларға жауап берілді. Дипломаттарымыз Израильдегі Қазақстан
азаматтарымен тұрақты байланыста және олармен жедел іс-қимыл жасау мақсатында
арнайы мессенджерде чат құрды. Қазір
Израильде тұратын 200-ге жуық Қазақстан азаматы қосылған. Бұл чатта
отандастарымыз өздерінің тұратын жері туралы хабарлап, дипломаттармен тұрақты
байланыс орнатты.