Солтүстік Қазақстан облысында 6 қазан 600-ге жуық референдум учаскесі жұмыс істейді. Оның 97-і Петропавлда, ал қалғаны ауыл-аймақтарда. Бүгінде олар саяси науқанға сақадай сай. Болжам бойынша 375 мыңнан астам адам таңдау жасайды. Жауаптылардың айтуынша, арнайы орындар бүгінде қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы кабиналар жасалды. Келіп дауыс бере алмайтындар үшін комиссия мүшелері көшпелі урналарды жеткізеді.
Айта кетейік, аймақта республикалық референдумды әзірлеу және өткізуді 606 комиссия жүзеге асырады.
Сара Алдаева, Қызылжар ауданының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы:
– Бүгінгі таңда комиссия мүшелері халықпен жұмыс істеп жатыр. Егер дауыс беруші белгілі себептермен келе алмайтын болса, үйлеріне келу туралы өтініш жазады. Учаскелік комиссияның екі мүшесі оларға барады. Сонымен қатар, қарияларға, науқастарға ұйымдастырылған көлікпен барады.