Қазақстан 2024 жылдың ТМД елдерінде «Волонтерлік қозғалыс» жылы деп жариялануын құптайды. Еліміздің Премьер-Министрі Мәскеуде өткен ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің кезекті отырысында осылай деп мәлімдеді. Әлихан Смайылов өз сөзінде Достастық елдерінің еріктілері толерантты қоғамның дамуына, қайырымдылық пен мейірімділік мәдениетін қолдауға елеулі үлес қосып келетінін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметінің басшысы Достастық елдері еріктілерінің жыл сайынғы форумын өткізу және оған ұйымның тұрақты алаңы мәртебесін беру туралы қазақстандық бастаманы іске асыру бойынша нақты жұмыстарды бастауға шақырды. Бұған қоса, Әлихан Смайылов көптеген салаларда әріптестік аясы кеңейіп келетінін тілге тиек етті.
Әлихан Смайылов,
ҚР Премьер-Министрі:
- Қазақстан
интеграциялық байланыстарды тереңдету және оны жаңа практикалық мазмұнмен
толықтыру үшін ТМД алаңында одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Мемлекеттер
басшылары кеңесінің өткен отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған
басымдықтар ТМД форматындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған. Мәселен,
келер жылы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі мәдени-гуманитарлық
байланыстарды, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім және спорт салаларындағы өзара
ынтымақтастықты кеңейту болмақ.
Сондай-ақ, Қазақстан Премьер-Министрі сапар аясында «Ресей» халықаралық көрме-форумына қатысты. Бұл жерде Солтүстік Қазақстан облысының еркін экономикалық аймағында жүк көтергіш жабдықтарды жасап шығару бойынша Қазақстан мен көрші елдің бірлескен жобасы ұсынылды. Бұған қоса елімізде бульдозер техникасы мен ауыл шаруашылығы тракторларының өндірісін жүзеге асыру, сондай-ақ су және газ құбырларын шығаратын зауыт салу және дәрілік заттар өндірісін іске қосу және байыту фабрикаларының техникасын жаңарту бойынша жобалар таныстырылды.